«WorldSkills Astana-2026»: елордада студенттер арасындағы үздік мамандар марапатталды

«WorldSkills Astana-2026»: елордада студенттер арасындағы үздік мамандар марапатталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ғимаратында XI қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты – «WorldSkills Astana-2026» байқауының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

16-23 мамыр аралығында елордалық колледждердің 17 алаңында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында кәсіби сайыстар ұйымдастырылды.

Қалалық чемпионатта 340-тан астам қатысушы бақ сынап, олардың шеберлігін 290 сарапшы-тәлімгер мен 45 тәуелсіз сарапшы бағалады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушылар өз кәсіби дағдыларын нақты өндірістік тәжірибеге барынша жақын жағдайда көрсетті.

Жарыстар IT саласы, инженерлік технологиялар, сервис және шығармашылық бағыттарды қамтитын 55 құзырет бойынша өтті.

Чемпионат қорытындысы бойынша веб-технологиялар, мобильді қосымшаларды әзірлеу, желілік және жүйелік әкімшілендіру, ақпараттық қауіпсіздік, бизнеске арналған IT-шешімдер, мехатроника, мобильді робототехника, өндірістік автоматика, электроника, дәнекерлеу технологиялары және станоктардағы токарлық-фрезерлік жұмыстар бағыттары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Сонымен қатар кірпіш қалау, сантехника және жылыту жүйелері, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, плитка қаптау, электр монтажы, әрлеу жұмыстары, зертханалық және химиялық талдау, шанақ жөндеу, ағаш ұсталығы және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану секілді қолданбалы мамандықтар да назардан тыс қалған жоқ.

Байқау бағдарламасына графикалық дизайн, сән технологиялары, компьютерлік ойындардың 3D-модельдеуі, мейрамхана сервисі, аспаздық және кондитерлік іс, шаштараз өнері, наубайшылық, флористика, мобилография, бейнемонтаж, интернет-маркетинг, кәсіпкерлік, бұлтты бағдарламалау және «Индустрия 4.0» бағыттары да енді.

Барлық құзыреттер бойынша үздіктер марапатталды.

Қалалық чемпионат аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар колледж студенттері арасында «Abilympics» және «DeafSkills» жарыстары да өтті. Оған 22 қатысушы қатысып, кондитерлік іс, сән технологиясы, робототехника және аспаздық бағыттары бойынша бақ сынады.

Студенттермен қатар балаларға арналған арнайы жарыстар да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған «BalaSkills», 3-4 сынып оқушыларына арналған «DaraSkills» және орта білім беру ұйымдарына арналған «JasSkills» жобалары өтті.

Балалар арасындағы құзыреттер де аспаздықтан бастап робототехникаға дейінгі кең бағыттарды қамтыды.

«Біз кәсіби шеберлік чемпионатын биыл он бірінші рет өткізіп отырмыз. Қалалық кезең жеңімпаздары күзде өтетін республикалық чемпионатта Астананың намысын қорғайды. Ал республикалық деңгейде жеңіске жеткен қатысушылар еліміздің атынан WorldSkills әлем чемпионатына қатысады. Биыл әлемдік чемпионат Шанхайда, ал келесі жылы Германияның Дюссельдорф қаласында өтеді», – деді Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Зәуре Қылышбаева.

Бұған дейін «Астана Тазалықта» студенттер ақы төленетін өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенін жазғанбыз.

Максим Удод