Үй жануарымен қалай ұшу керек - әуе компаниясы ережелері
Үй жануарларымен саяхаттау, көшу немесе уақытша тұрғылықты жерді ауыстыру сияқты жағдайлар жиі сұранысқа ие болып жатыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша FlyArystan рейстерімен 2000-нан астам жануар тасымалданған, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үй жануарларымен сапардың жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін алдын ала дайындалып, бірқатар тасымалдау талаптарын мұқият сақтау маңызды. Оған қажетті құжаттарды рәсімдеу, тасымалдау ережелерімен танысу және әуежайдағы рәсімдерден өту тәртібі кіреді.
«Жануарды ұшақ бортына алуға бола ма?», «Қандай құжаттар қажет?», «Тіркеу қайда жүргізіледі?» секілді сұрақтар үй жануарымен сапар жоспарлаған жолаушылар арасында жиі туындайды.
Осы материалда біз жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, жануарларды әуе көлігімен тасымалдаудың негізгі ережелері туралы толығырақ айтатын боламыз.
Сапарға қалай дайындалу керек?
Үй жануарымен сапарды жоспарлау кезінде жануарларды тасымалдау алдын ала келісуді қажет ететінін ескеру маңызды. Ұшудан кемінде 24 сағат бұрын агенттік немесе әуекомпанияның сайтындағы кері байланыс формасы арқылы, не болмаса special.services@flyarystan.com электрондық поштасына өтініш жолдау арқылы әуекомпанияны хабардар ету қажет.
Әуекомпания қауіпсіздік талаптарына сәйкес, өтініштің жіберілген уақытына қарамастан, оны қабылдамау құқығына ие.
Маршрутқа ерекше назар аудару маңызды: егер сапар бірнеше рейстен тұрса, барлық әуекомпаниялардан алдын ала растау алу керек. Әйтпесе, жануарды тіркеу кезеңінде-ақ тасымалдауға жібермеуі мүмкін.
Жануармен сапарлайтын жолаушылар рейске онлайн тіркеуден өте алады. Алайда отырғызу талонын тек әуежайда – тіркеу орнында, тасымалдау талаптарының сәйкестігі тексерілгеннен кейін ғана алуға болады.
Бұл қашықтан орындау мүмкін емес міндетті рәсімдерге байланысты туындайды. Әуежайда қызметкерлер:
• ветеринарлық құжаттарды тексереді;
• контейнердің белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды;
• жануарды қабылдау бойынша бақылау парағын рәсімдейді.
Жолаушы, жануар және контейнер әуежайда авиациялық қауіпсіздік рәсімдерінен өтеді. Қажет болған жағдайда контейнер техникалық құралдарды қолдана отырып қосымша тексерістен өткізілуі мүмкін. Жолаушы тексеру қызметкерлерінің заңды талаптарын орындап, жануарды бақылауда ұстауы тиіс.
Барлық рәсімдерден асықпай өту үшін жолаушыларға әуежайға алдын ала, қосымша уақытты ескере отырып келу ұсынылады.