СІМ: Таяу Шығыс елдерінен 3,3 мыңнан астам қазақстандық елге оралды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарымызды қайтарды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының жалпы саны 12 әуе рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралды.
«Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Ирандағы дипломаттар 6 наурызда «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасын өтті. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды», делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, шиеленіс аймағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін жергілікті жерде үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, шиеленіс аймағындағы отандастарымызбен тұрақты байланыста болады.