Референдум-2026

Реконструкциядан кейін елімізде 30 теміржол вокзалы ашылды

Бүгін, 11:40
Думан Аманжол Думан Аманжол
Реконструкциядан кейін елімізде 30 теміржол вокзалы ашылды
Фото: Көлік министрлігі

Еліміздің өңірлерінде жүргізілген ауқымды реконструкциядан кейін 30 теміржол вокзалы мен жолаушылар инфрақұрылымы нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жұмыстар Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілді.

Жұмыстар барысында ғимараттардың қасбеттері мен шатырлары жаңартылды, энергия үнемдейтін витраждар орнатылды, жылу жүйелері, сумен жабдықтау, желдету, ауаны баптау, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңғыртылды. Құрылыс және реконструкция кезінде негізінен отандық өндірістің материалдары пайдаланылды.

Ерекше назар кедергісіз орта қалыптастыруға аударылды. Вокзалдарда пандустар, лифтілер, бейімделген кіреберіс аймақтары мен санитарлық бөлмелер, тактильді жолақтар және арнайы касса аймақтары жабдықталды. Нысан санатына қарай ана мен бала бөлмелері, медициналық пункттер, сақтау камералары қарастырылып, жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыру үшін үй-жайлар қайта жоспарланды. 

Кешенді жаңғырту тек вокзал ғимараттарын ғана емес, жолаушылар платформаларын, вокзал маңындағы алаңдарды және инженерлік инфрақұрылымды да қамтыды. Барлық нысандар заманауи қауіпсіздік талаптарына, санитарлық нормаларға және қызмет көрсету стандарттарына сәйкестендірілді.

«Елдегі теміржол вокзалдарының басым бөлігі 1950–1970 жылдары салынған, ал кейбір ғимараттар 80–100 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Нысандардың шамамен 70 пайызы ондаған жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген», делінеді хабарламада.

Өңірлерде реконструкциядан кейін келесі вокзалдар ашылды: Абай облысы — Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары, Ақмола облысы — Курорт-Бурабай, Шортанды, Макинка және Ақкөл, Атырау облысы — Ганюшкино және Аққыстау, Батыс Қазақстан облысы — Семиглавый Мар, Қазақстан және Шыңғырлау, Қарағанды облысы — Қарағанды-Сортировочная, Жаңа Қарағанды және Нұра, сондай-ақ Қарағанды-Сортировочная станциясының жолаушылар платформасы жаңартылды, Қостанай облысы — Аманқарағай және Құсмұрын, Қызылорда облысы — Жаңақорған, Қазалы, Шиелі және Талап станциясының платформасы, Алматы облысы — Қонаев және Шамалған, Жетісу облысы — Талдықорған, Солтүстік Қазақстан облысы — Тайынша, Жаңаесіл және Саумалкөл, Шығыс Қазақстан облысы — Риддер және Шемонаиха, Павлодар облысы – Бозшакөл платформасы.

Көлік министрлігі елдің барлық өңірінде жолаушылар инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуды және азаматтар үшін заманауи, қауіпсіз және жайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, Қостанай, Атырау және БҚО-да бес вокзал толық жаңартылды.