Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров пен Наоэро Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Лара Эраб Даниэль екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наоэро Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатқан 194-ші мемлекет болды. Осылайша, Қазақстан Наоэроны қоса алғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекетпен, сондай-ақ ұйым жанындағы екі бақылаушы мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнату процесін аяқтады. Бұл еліміздің дипломатия тарихындағы маңызды белес болды.
Құжатқа қол қою БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидатына, оның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу, мемлекеттердің теңдігі және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидатына негізделген екіжақты ынтымақтастықты дамытуға негіз қалады.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту перспективаларын талқылады. Ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары ретінде сауда, орнықты даму, цифрландыру және адами капиталды дамыту атап өтілді.
БҰҰ және басқа да көпжақты алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты диалог жүргізудің, сондай-ақ Қазақстан мен Тынық мұхиты өңірі мемлекеттері арасындағы әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Еске сала кетсек, Қазақстанды азаматтарына туристік мақсатпен Мысырға кіру кезінде қосымша талаптар қойылатын Орталық Азия мемлекеттерінің тізімінен шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.