Қазақстан мен Сауд Арабиясы әуе рейстерін аптасына 70-ке дейін ұлғайтпақ

Қазақстан мен Сауд Арабиясы әуе рейстерін аптасына 70-ке дейін ұлғайтпақ
Фото: Air Astana әуекомпаниясы

Эр-Рияд қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Құжатқа қол қою азаматтық авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны нығайтып, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашты.

Қол қою рәсіміне ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Сауд Арабиясы Корольдігінің Азаматтық авиация бас басқармасы президентінің міндетін атқарушы Сүлейман бин Ахмед Әлбассам қатысты.

Фото: Көлік министрлігі

«Аталған келісім сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ туристік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында тараптар тұрақты рейстердің рұқсат етілген санын аптасына 28 рейстен 70 рейске дейін ұлғайтты», делінген хабарламада.

Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде әуе тасымалдаушылары Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашуды, сондай-ақ Сауд Арабиясының басқа қалаларына орындалатын бағыттардың санын арттыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, Арқалықта 30 жылдан кейін тұрақты әуе қатынасы қайта жанданды.