Құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын іске асыру аясында Астана қаласының прокуратурасы полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, азаматтардың қоғамдық тәртіп пен адамгершілік нормаларын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпке, қауіпсіздікке және қоғамның моральдық құндылықтарына нұқсан келтіретін ешбір құқық бұзушылық назардан тыс қалмайтынын атап өтеді.
Ерекше көңіл жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бөлінуде. Осыған байланысты прокуратура мен полиция жасөспірімдерді өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе қоғамдық тыныштықты бұзатын қауіпті және деструктивті интернет-трендтерге қатысудан бас тартуға шақырады.
Астана қаласының прокуратурасы ата-аналарды, педагогтерді және қоғамдық ұйымдарды өскелең ұрпақтың тәрбиесіне барынша назар аударуға, заңды сақтау, қоғамдық нормаларға құрметпен қарау және өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін түсіндіруге шақырады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау - баршамыздың ортақ борышымыз және азаматтық кемелділіктің көрінісі. Астана қаласының прокуратурасы тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қоғамдағы қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге болатынын еске салады.