Президент: Балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс қолдануын қамтамасыз ету қажет

Бүгін, 14:56
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент: Балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс қолдануын қамтамасыз ету қажет
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Мемлекет басшысы Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Биыл мамыр айында Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым.

Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Бұл үлкен кемшілік. Себебі неде? Бәрібір технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды.

Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет.

Жастар, әсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек. Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын.

Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс.

Жоғары білім саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар.

Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Үкімет Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн екенін айтты.

«Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн.  

Осы орайда, 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды?  

Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын.  

Конституциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек.  

Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн».

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырды.