Президент әскери оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» шенін тапсырды
Елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және арнаулы жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» шенін тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік.
Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді», - деді Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде.