Елордада жоғалған 13 жастағы жасөспірім табылды

Бүгін, 12:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада жоғалған 13 жастағы жасөспірім табылды
Фото: Polisia.kz

Елордада полицейлер үйден кетіп қалған 13 жастағы жасөспірімді тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

9 мамыр күні полицияға кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы арыз түскен. Ата-анасының айтуынша, жасөспірім бір күн бұрын қосымша сабаққа кетіп, қайта үйіне оралмаған.

Кейін анықталғандай, ол ата-анасымен болған түсініспеушіліктен кейін өз еркімен үйден кетіп қалған.

Жасөспірімді іздеуге полиция департаментінің барлық жеке құрамы, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен еріктілер жұмылдырылды. Іздестіру барысында полицейлер білім беру және медициналық мекемелерді тексеріп, аулалар мен кіреберістерді, жақын маңдағы аумақтарды қарап шыққан. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделенді, делінеді хабарламада. 

Тексеру нәтижесінде жасөспірімнің автобуспен соңғы аялдамаға дейін барып, кейін тасжол бойымен жаяу жүргені анықталды. Ол Ақжар ауылындағы мешітте түнеп шыққан.

Полицейлер жергілікті тұрғындар мен жол бойындағы жүргізушілерден жауап алып, оның әрі қарай жүрген бағытын анықтаған. Нәтижесінде жасөспірім қала сыртындағы тасжол бойынан табылып, ата-анасына тапсырылды.

Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Полиция ата-аналарға балаларымен сенімді қарым-қатынас орнатып, олардың жүрген ортасы мен уақытын бақылауда ұстаудың маңызын еске салды. Сондай-ақ осындай жағдайларда “102” нөміріне дереу хабарласу қажеттігін атап өтті.