Елордада қар күреу жұмысы үздіксіз жалғасып жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
9 қарашаға қараған түні коммуналдық қызметтер қала аумағынан 16 172 текше метр қарды арнайы полигондарға 1 254 рейспен жеткізді.
Таңертеңнен бастап қар тазалау жұмысына 2 850 жол жұмысшысы мен 1 366 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс маусымы басталғалы бері елордадан 90 мың текше метрден астам қар немесе 7 284 жүк көлігіне тең көлем шығарылды.
Қар тазалау барысында алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып, кейін аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолда және жаяу жүргінші аймақтарында абай болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарларға шықпауға шақырады.