Референдум-2026

БҰҰ мінберінде қазақстандық әйел өз оқиғасымен бөлісті

Бүгін, 17:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
БҰҰ мінберінде қазақстандық әйел өз оқиғасымен бөлісті
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан делегациясы 26 маусым - 2 шілде аралығында Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығының жұмысына белсенді қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Осы алаңда Қазақстан Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын қайтару жөніндегі тәжірибесін таныстырды. Конференциядағы ерекше сәттердің бірі – Қазақстанға репатриацияланған азаматшаның БҰҰ мінберінен сөз сөйлеуі болды. Ол өміріндегі қиындықтарды еңсеріп, отанға оралған соң, қоғамға қайта бейімделу мен оңалту тәжірибесін баяндады.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында өмірім қалыпты арнасына түсті. Балаларым білім алып жатыр, ал өзім шағын кәсіппен айналысуға мүмкіндік алдым», – деді ол.

Терроризмге қарсы апталық аясында Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен бірге Жоғары деңгейдегі конференция қорытындысы бойынша қабылданатын БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясына тоғызыншы шолу жасау жөніндегі қорытынды құжаттың мәтінін әзірлеуге қатысуда. Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Орталық Азия елдерімен бірлесіп «Қақтығыс аймақтарынан оралғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу саласындағы Орталық Азияның тәжірибесі» тақырыбында арнайы сайд-ивент өткізеді. Сонымен қатар, БҰҰ өкілдерімен және халықаралық сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер ұйымдастырылмақ. 

Қазақстан халықаралық ұйымдар мен серіктес мемлекеттер – Ресей мен Ямайка ұйымдастыратын бірнеше сайд-іс-шараға спикер ретінде қатысуға шақырылды.

Айта кетейік, репатриацияланған азаматша (қауіпсіздік мақсатында аты-жөні жарияланбайды) және оның төрт баласы 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жүзеге асқан «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясымен елге қайтарылған. 

«Жусан» және «Русафа» операциялары нәтижесінде Қазақстанға 700-ден астам азамат қайтарылды, олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрады.