Референдум-2026

Астанада жарты жылда тұтынушыларға 306 млн теңге қайтарылды

Астанада жарты жылда тұтынушыларға 306 млн теңге қайтарылды
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2026 жылдың алғашқы алты айында 6 221 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға көп. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Брифинг барысында Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысын таныстырды.

Оның айтуынша, өтініштер санының артуы халықтың құқықтық сауаттылығының жоғарылағанын және азаматтардың өз заңды құқықтарын қорғауға деген белсенділігінің артқанын көрсетеді. Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жалғастырып, азаматтардың өтініштерін қарап, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және адал емес кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңнамада көзделген шараларды қабылдауда.

Қандай мәселелер бойынша жиі шағым түсті?

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ең көп өтініш бөлшек сауда (1 344) және электрондық сауда (1 224) салалары бойынша тіркелген. Сонымен қатар білім беру (608), тұрмыстық қызметтер (536), медициналық қызметтер (525) және байланыс қызметтері (383) бойынша да азаматтар жиі жүгінген.

Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтандыру, қаржылық қызметтер, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (614), сондай-ақ риэлторлық, құрылыс, жөндеу және өзге де қызмет түрлері (987) бойынша көптеген өтініш түскен. Бұл ретте қашықтан және электрондық саудаға қатысты шағымдардың тұрақты өсімі негізгі үрдістердің бірі ретінде аталды.

Тұтынушыларға 306 миллион теңге қайтарылды

Өтініштерді қарау нәтижесінде 1 517 азаматқа қолданыстағы заңнама талаптары бойынша түсіндірме берілді. 2 435 жағдайда тұтынушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, ал 918 өтініш беруші кәсіпкерлермен арадағы дауларды ерікті түрде шешкеннен кейін өз өтініштерін қайтарып алды.

Тағы 1 281 өтініш құзыреті бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданса, 549 өтініш қаралу сатысында тұр.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 306 миллион теңге қайтарылған.

Қандай құқық бұзушылықтар жиі кездеседі?

Департамент мәліметінше, азаматтардың өтініштерінің негізгі себептері – сапасыз тауарларды сату, оларды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ жеткізу мерзімдерінің бұзылуы.

Сонымен қатар қызметтердің сапасыз көрсетілуі, шарттық міндеттемелердің орындалмауы және тауарлар мен қызметтер туралы толық емес немесе жалған ақпарат берілуі де жиі кездеседі.

Тұтынушылар қоғамдық тамақтандыру және жеткізу қызметтері кезінде орын алған заң бұзушылықтарға, сондай-ақ күші жойылған іс-шаралар үшін төленген қаражатты қайтару мәселелері бойынша да жүгінеді. Қашықтан және электрондық саудаға қатысты өтініштер санының артуы жалғасып келеді.

164 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

2026 жылдың алғашқы алты айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін 164 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,2 миллион теңгені құрады.

Сонымен қатар көптеген дау сотқа дейінгі тәртіппен шешілген. Заң талаптары түсіндірілгеннен кейін кәсіпкерлердің едәуір бөлігі тұтынушыларға қаражатты өз еркімен қайтарып немесе шарттық міндеттемелерін орындаған.

Өз құқығыңызды қалай қорғауға болады?

Департамент мамандары құқықтары бұзылған жағдайда азаматтарға ең алдымен сатушыға, орындаушыға немесе өндірушіге жазбаша талап-арыз жолдауға кеңес береді.

Егер 10 күнтізбелік күн ішінде жауап берілмесе немесе талаптар орындалмаса, тапсырылғаны расталған талап-арыздың көшірмесін, шартты (бар болса), төлем құжаттарын және құқықтың бұзылғанын дәлелдейтін өзге де материалдарды қоса тіркеп, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады.

Сонымен қатар азаматтар сот арқылы өз құқықтарын қорғауға, төленген қаражатты қайтаруды, келтірілген материалдық залалды өтеуді, моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді, тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өндіріп алуды талап етуге құқылы. Қажет болған жағдайда департамент сот талқылауына үшінші тұлға ретінде қатысып, іс бойынша қорытынды ұсына алады.

Жылдың екінші жартыжылдығында департамент тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заң бұзушылықтардың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және бизнес қауымдастығымен өзара байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, тұтынушылардың құқықтары толық қорғалатын әділ әрі ашық нарықтық ортаны қалыптастыру мемлекет, кәсіпкерлер және қоғамның ортақ жауапкершілігі болып қала береді.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын косметологиялық көмекке көңілі толмаған Қостанай қаласының тұрғыны салоннан 1,2 млн теңгесін қайтарып алғанын жазған болатынбыз.