Елордада жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Астана – есірткісіз қала» акциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу Астана қаласы Полиция департаментінің және ЕҰУ-дың қолдауымен өтті. Жиынға департамент жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, блогерлер және қоғам белсенділері қатысты.
Олардың қатарында Сергей Цирюльников, Рүстем Жантенов, Нұрдәулет Шертім және блогер Нұргелді Кердеш болды.
Іс-шара барысында студенттерге тәуелділіктің пайда болу себептері мен салдары туралы ақпарат берілді, әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Спикерлер жастарды салауатты өмір салтын таңдап, есірткіден бас тартуға шақырды.
Полиция департаментінің мәліметінше, акция жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты қоғамдық иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Биыл жыл басынан бері кеңес мүшелерінің қатысуымен 600-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, ерікті жастардың қатысуымен қала аумағынан 2500-ден астам наркограффити жойылған.
Полиция өкілдері есірткі қылмысының алдын алу бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.