Астанада 536 бос жұмыс орны ұсынылды

Астанада 536 бос жұмыс орны ұсынылды
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы «Жастар» сарайында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 50 жұмыс беруші мен түрлі саладағы серіктестері қатысып, қала тұрғындарына 536 вакансия ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жәрмеңкені қалалық Еңбек мобильдігі орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға жұмыс іздеген азаматтармен қатар, кәсіби бағытын өзгертуді жоспарлаған мамандар мен жастар қатысты.

Ұсынылған жұмыс орындарындағы жалақы мөлшері 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болды. Бос орындар өнеркәсіп, қызмет көрсету, IT, сауда, білім беру және басқа да салаларды қамтыды.

Жұмыс берушілер арасында білікті жұмысшы мамандарына, инженерлерге, қызмет көрсету және білім беру саласының мамандарына сұраныс жоғары екені айтылды. Сонымен қатар кандидаттарға қойылатын талаптар да өзгеріп, кәсіби дағдылармен бірге жаңа жағдайға тез бейімделу, икемділік және үнемі білім жетілдіруге дайын болу маңызды талаптардың біріне айналған.

Жәрмеңке барысында Еңбек мобильдігі орталығының мамандары жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес берді. Атап айтқанда, жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы және қайта даярлау бағдарламалары таныстырылды.

Қатысушылар жұмыс берушілердің HR-мамандарымен тікелей сөйлесіп, түйіндеме тапсыруға, алғашқы сұхбаттан өтуге және қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстары туралы ақпарат алуға мүмкіндік алды.

Кейбір азамат алғашқы іріктеуден өтіп, компанияларға екінші кезеңдегі сұхбатқа шақырту алды.

Жәрмеңкеге 200-ден астам елорда тұрғыны қатысты.

Бұған дейін жыл басынан бері 388 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасқанын жаздық.