Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды -Мемлекет басшысы
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды.
Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады.
Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік.
Бұл – өткенді көксеу емес. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру деген сөз.
Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды.
Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Сіздер осы миссияны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет етесіздер деп сенемін», - деді Президент.
Еске сала кетсек, Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтады.