Лаура Сәрсембекова: Мектептің мақсаты – білімді ғана емес, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу
Мемлекет басшысының Тамыз конференциясындағы баяндамасы – білім беру саласының бүгінгі ахуалын саралап, алдағы міндеттерді нақты айқындаған маңызды бағдар болды. Астана қаласы әкімдігінің Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназия директоры Лаура Сәрсембекова осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Лаура Сәрсембекованың айтуынша, Президент баяндамасынан ел болашағының сапасы – мектептегі білім мен тәрбиенің сапасына тікелей байланысты екені анық көрінеді. «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деген ұстаным ұстаз еңбегінің қоғамдағы орнын айқындай түседі.
«Мектеп басшысы ретінде бұл ойды ең алдымен ұстаз жауапкершілігімен байланыстырамын. Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші маман емес, оқушының дүниетанымын қалыптастыратын, оның бойына адамгершілік, отаншылдық, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіретін тұлға. Сондықтан мектептің басты мақсаты – білімді ғана емес, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы азамат тәрбиелеу.
Баяндамада білім сапасын арттырумен қатар, мұғалімдердің кәсіби дамуы, бағалаудың әділдігі мен ашықтығы, аймақтар арасындағы білім алшақтығын азайту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалану сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Бұл бағыттардың барлығы мектеп өмірінде нақты нәтижеге айналуы тиіс. Әсіресе, ұстаздарды артық қағазбастылықтан арылтып, оның негізгі міндеті – сапалы сабақ беру мен оқушыға бағыт-бағдар көрсетуге мүмкіндік жасау маңызды екенін одан сайын нақтылап берді», - деді мектеп-гимназия директоры.
Лаура Сәрсембекованың пікірінше, қазіргі кезеңде технологияның дамуы білім беру үдерісіне жаңа талаптар қойып отыр. Жасанды интеллектіні меңгеру – заман талабы. Дегенмен, технология қанша дамығанымен, оның тиімділігін айқындайтын – адам. Сондықтан цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оқушының сыни ойлауын, шығармашылығын және дербес ізденісін дамытуымыз қажет, деп санайды ол.
«Баяндаманың маңызды тұстарының бірі – бала тәрбиесіне ерекше мән беру. Мектеп –сапалы білім берумен қатар, оқушы өзін қауіпсіз, еркін әрі қолайлы ортада сезінетін жайлы кеңістік болу керек. Бұл ретте тәрбие жұмысы тек мектептің ғана емес, ата-ана мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екені анық. «Адал азамат» қағидаттары, заң мен тәртіпті құрметтеу, тазалық, еңбекқорлық, отаншылдық сияқты құндылықтар баланың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет», - деді Лаура Сәрсембекова.
Оның ойынша, баяндаманың негізгі түйіні – білім беру сапасы мен тәрбие сапасы бір-бірінен ажырамайтын құстың қос қанатындай ортақ дүние екеніне баса мән беріле айтылды. Білімді, бірақ жауапкершілігі төмен; қабілетті, бірақ еңбектенуге құлықсыз тұлға ел дамуына толыққанды үлес қоса алмайды. Сондықтан, мектептің әрбір сабағы, әрбір тәрбиелік іс-шарасы оқушыны өмірге дайындауға бағытталуы тиіс.
«Жаңа оқу жылында біздің басты ұстанымымыз – сапалы білім, әділ бағалау, саналы тәрбие, ұстазға қолдау және нақты нәтиже. Әр оқушының қабілетін ашу, әр ұстаздың кәсіби өсуіне жағдай жасау, ата-анамен серіктестікті нығайту – мектеп жұмысының негізгі бағыттары.Өйткені, елдің ертеңі – бүгінгі мектептен басталады. Ұстаз бен ата-ана бір мақсатта жұмылып, балаға дұрыс бағыт бергенде ғана білімді, тәрбиелі, еңбекқор, отаншыл ұрпақ қалыптасады. Бұл – мектеп басшысы ретінде менің де, әрбір педагогтің де ортақ жауапкершілігі», - деді Лаура Сәрсембекова.