Өзгенің көлігін жолды босату үшін жылжытқан азамат күзетпен ұстаудан босатылды

Бүгін, 10:27
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Өзгенің көлігін жолды босату үшін жылжытқан азамат күзетпен ұстаудан босатылды
Фото: Magnific.соm

Заңсыз сотталған азаматты күзетпен ұстаудан  босатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотына сілтеме жасап. 

Оқиға 2024 жылғы 23 қазанда Р.-ның жүргізуші көлік салонынан қысқа уақытқа шығып кеткен кезде, «Hyundai Elantra» көлігінің рөліне отырып, оны жолға өз бетінше шығаруынан өршіген. Көлікті басқару барысында ол тағы екі автокөлікпен соқтығысқан.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Р.-ды ҚК-нің 200-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни ірі залал келтіре отырып, көлікті жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп, заңсыз айдап әкеткені үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған.

Р. кассациялық шағым түсіріп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Іс материалдарына сәйкес, Р. көлікті айдап кету мақсатында жүргізбеген. Ол басқа көліктің өтуіне кедергі келтірмеу үшін жүргізушінің өтінішімен көлікті орнынан жылжыту мақсатында ғана рөлге отырған. Оның көлікті тек қайта қою ниеті болғаны туралы түсініктемелері дәлелдермен теріске шығарылмаған.

Сонымен қатар, оқиғаның бейнежазбасы болмаған, көліктің қозғалысын көрген куәлар анықталмаған. ЖКО схемасы көліктің нақты қанша қашықтыққа қозғалғанын және соқтығысу болған жерді анықтауға мүмкіндік бермеген.

Бұдан бөлек, жергілікті соттар келтірілген залалдың нақты мөлшерін анықтамаған. Сот актілерінде залалдың екі түрлі сомасы көрсетілген.

Осыған байланысты кассациялық сот Р.-дың көлікті айдап кетуге бағытталған тікелей қасақаналығын растайтын дәлелдер алынбағанын және бұл олқылықтарды толықтыру мүмкіндігі таусылғанын ескерді.

Сот актілерінің күші жойылып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Р. күзетпен ұстаудан дереу босатылды.

Еске салайық, бұған дейін Өскеменде бейтаныс адамның көлігін рұқсатсыз жүргізген құқық бұзушы ұсталғаны туралы жаздық.