Петропавлдағы макарон фабрикасында 35 жастағы жұмысшы көз жұмды

12 қазан, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Петропавлдағы макарон фабрикасында 35 жастағы жұмысшы көз жұмды
Фото: ЖИ

Петропавлдағы «Сұлтан» макарон фабрикасында 35 жастағы жұмысшы қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өндірістік жабдықты тазалау кезінде ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Elordainfo.kz sko24.kz порталына сілтеме жасап.

SKO24.kz басылымның мәліметінше, ер адам қамыр илейтін құрылғыны тазалап жатқанда оның қозғалып тұрған қалақтарының астына түсіп кеткен болуы мүмкін. Алған жарақатынан жұмысшы жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жұмысшының қаза тапқанын растады. Ведомство мәліметінше, оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«12 қазанда Петропавл қаласындағы Еңбек өткелінде орналасқан өндіріс орындарының бірінде, алдын ала мәлімет бойынша, жазатайым оқиға болған. Өндірістік қондырғының ішіне құлау салдарынан кәсіпорынның 35 жастағы жұмысшысы ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды»,- деп хабарлады полиция департаменті.