Талдықорғанда 5 жасар қызын қауіпті жағдайда тасымалдаған әке жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Талдықорғанда полиция қызметкерлері ЖБО камералары арқылы баланы тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтады.
Бейнежазбадан 31 жастағы жүргізушінің Changan X5 Plus автокөлігін басқарып келе жатып, бес жасар қызын көліктің жоғарғы бөлігіндегі ашық қуыстан сыртқа шығарып қойғанын көруге болады. Кішкентай қыздың денесі беліне дейін сыртқа шығып тұрған.
Аталған факті бойынша жүргізуші, яғни баланың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полиция қызметкерлері баланың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекетке жол берілмейтінін түсіндірді. Жүргізушіге балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу қажеттігі ескертілді», - делінген хабарламада.
Полиция балаларды тасымалдау кезінде барлық қауіпсіздік талабы қатаң сақталуы тиіс екенін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада мас күйінде көлік жүргізген ер адам 20 тәулікке қамалғаны туралы жаздық.