Бүгін Достық үйінде «Мемлекеттік этносаясат және этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық Даму Қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараның
мақсаты – ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің кәсіби құзыреттерін арттыру, мемлекеттік этносаясат саласындағы білімін жетілдіру болды.
Іс-шараға республикалық және өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, азаматтық қоғам институттарының, сарапшылық қауымдастықтың, жастар ұйымдарының және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
«Қазақстандық Даму Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, семинардың модераторы Анар Битебаева аталған семинар еліміздің барлық өңірлерінде «Бірлік. Заң. Қоғам» республикалық бағдарламасы аясында өтіп жатқанын айтып,
жоба таныстырылымын жасады.
Семинарда Құрылтай депутаты Наталья Рамазанова «Этносаралық текетірес: қайшылықтардан қақтығыстарға дейін» тақырыбында сөз сөйледі.
Гуманитарлық ғылымдар магистрі, дінтанушы, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастар жөніндегі сарапшы Әли Үкенов ақпараттық-түсіндіру тобына ұлтаралық жанжалдың табиғаты жөнінде талдап, оны бақылау, болдырмау бағытында ұстануға тиіс негізгі қағидаларды ұсынды.
Оның айтуынша, бүгінгі мақсат - осы салада қызмет етіп келе жатқан мамандарға жаңа әдістер ұсыну.
«Менің бұл семинарда баса назар аударған мәселем – ұлтаралық жанжал. Бірақ жанжал тек қана ұлтаралық сипатта болмайды. Оның астарында экономикалық, әлеуметтік, кейде мәдени мәселелер де жатуы мүмкін.
Мысалы, бір зауытта әртүрлі ұлт өкілдерінің еңбекақысында айырмашылық болуы мүмкін. Әрине, бұл наразылық тудырады. Бұл ұлтаралық жанжал ма, әлде экономикалық жанжал ма? Біз осыны байқап, назарға алуымыз керек. Мұның астарында экономикалық мәселе жатуы мүмкін. Бірақ кейбір топтар өздерінің экономикалық жағдайын жақсарту үшін ұлттық мәселелерді алға тартады.Біз, маман ретінде мұндай жағдайлардың ұлтаралық жанжалға ұласуына жол бермеуіміз керек. Мәселені дер кезінде шешуіміз қажет. Шынымен де, еңбекақыда неге айырмашылық бар? Олардың білімі жоғары ма, тәжірибесі көп пе? Жұмысшылардың өмірбаянын зерделеу керек. Шетелде оқыған, бірнеше тіл білетін, осы салада 10–15 жыл жұмыс істеген мамандар болуы мүмкін. Егер еңбекақының жоғары болуы маманның біліктілігіне байланысты болса, оны түсіндіру қажет. Ал ешқандай объективті себеп болмаса, олардың жалақысы қысқартылатынын немесе екінші топтың жалақысы теңестірілетінін ескертуіміз керек. Яғни, әділеттілік қағидаты бойынша жұмыс істеу қажет.
Біз өрт шыққаннан кейін оны сөндірумен айналыспауымыз керек. Күнделікті мониторинг жүргізуіміз қажет. Ғылыми-әдіснамалық тәсілдерді қолдануымыз керек. Әсіресе, әлеуметтану әдістеріне басымдық берген жөн. Өйткені күнделікті мониторинг барысында кімдердің жиі өкпе-реніш білдіретінін бақылап отыруымыз керек.
Яғни, жанжал ушықпай тұрып, оның алдын алуымыз қажет. Сондай-ақ ертең қандай да бір жанжал туындай қалса, оның себеп-салдарын халыққа түсіндіруге дайын болуымыз керек», - деп түсіндірді Әли Үкенов.
Семинар соңында сала мамандарына сертификаттар ұсынылды.


