Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Құрметті азаматтар!
Ішкі істер министрлігі көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірледі. Мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді алуды жеңіл әрі жылдам ету.
Артық рәсімдер алынып тасталды. Көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек қаратудың қажеті жоқ. Енгізілген өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжат болса жеткілікті.
Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр.
Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады.
Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады. Бұл – жалған құжаттардан қорғау шаралары.
Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!» - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Еске сала кетейік, елімізде 10 мыңнан астам жүргізушінің куәлігін қолдану тоқтатылды.