Құрылтай депутаты Елдос Баялышбаев Көлік министрлігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдерімен бірге теміржол вокзалы мен пойыздарда мүгедектігі бар жолаушыларға жасалған жағдаймен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Танысу барысында теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігі, арнайы вагондардың жабдықталуы және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қызмет көрсету сапасы қаралды.
Министрліктің мәліметінше, штабтық вагондарда мүгедектігі бар жолаушыларға арналған арнайы купелер қарастырылған. Олар көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Кең тамбурлар мен дәліздер мүгедектер арбасымен қозғалуға мүмкіндік береді.

Арнайы купелерде арбамен жүретін жолаушы мен оны алып жүретін адамға арналған орындар бар. Сондай-ақ арбаны бекіту құрылғылары орнатылған. Санитарлық тораптар тұтқалармен және қолжетімді биіктіктегі қолжуғыштармен жабдықталған.

Жолаушылардың жайлылығы үшін купелерде температураны жеке реттеу жүйесі, ал тамбурларда жарықдиодты жарықтандыру қарастырылған. Вагондарда ауа баптау, бейнебақылау, ауаны залалсыздандыру жүйелері, биодәретханалар, электр розеткалары мен USB-порттар да бар.
Кездесу барысында мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсету жағдайларын одан әрі жақсарту мәселелері талқыланды.
Елдос Баялышбаев теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс білдірді.

Көлік министрлігі теміржол көлігінде кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын еліміздің 100 теміржол вокзалында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаны хабарланған еді.