«Яндекс» сервистеріндегі іркілістерге қарамастан, қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлер ел аумағында қалыпты жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, деректерді Қазақстан аумағында сақтау платформаның барлық компоненті елімізде орналасқанын білдірмейді. Атап айтқанда, такси және жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір компоненттер шетелдегі серверлерде орналасқан.
Министрлік цифрлық платформалардың тұрақты жұмыс істеуі мен дербес деректерді ел аумағында сақтау екі бөлек міндет екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта «Яндекс» компаниясы сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Министрлік бұл бағытта компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуде», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жүктеме артқан жағдайда да такси және жеткізу қызметтерін ұсынатын өзге платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қолға алынған.