Қазақстанда мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға әуе көлігі қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды. Бұл бастама Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде өткен кеңесте көтерілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға министрлік, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, отандық әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ инклюзивті қоғамдастық мүшелері қатысты.

Кеңесте ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсету талаптарын жетілдіру, әуежай инфрақұрылымының қолжетімділігі және әуе тасымалына қатысушы ұйымдардың өзара іс-қимылы талқыланды.
Астана және Алматы халықаралық әуежайларының өкілдері мүгедектігі бар жолаушыларға қызмет көрсету тәжірибесі мен қолданылып жүрген шешімдерді таныстырды.
Қатысушылар мүгедектер арбалары мен басқа да қозғалыс құралдарын ұшақпен қауіпсіз тасымалдау, сондай-ақ әуежайлар мен әуе компаниялары арасындағы жұмысты үйлестіру мәселелеріне назар аударды.
Жиында инклюзивті қоғамдастық өкілдері де өз ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Гүлнара Ахмолдина, «AUTISM KAZAKHSTAN» ұлттық қауымдастығының төрайымы Нұрия Балтабайқызы және «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы өкілі Жаңагүл Ділжанова ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әуе көлігін пайдалану кезінде кездесетін мәселелерін көтерді.
Кеңес қорытындысында Көлік министрлігі Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп, мемлекеттік органдар, әуежайлар, әуе компаниялары және инклюзивті қоғамдастық өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құруға бастамашылық жасады.
Жұмыс тобы қолданыстағы талаптар мен қызмет көрсету тәжірибесін зерделеп, негізгі мәселелерді анықтаумен айналыспақ. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеп, әуежай инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар дайындайды.
Бұған дейін Қазақстан пойыздарында мүгедектігі бар жолаушыларға қандай жағдай жасалғаны туралы хабарланған еді.