Алматы облысында 68,5 шақырым суару арнасы жаңғыртылды

Алматы облысында 68,5 шақырым суару арнасы жаңғыртылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жалпы ұзындығы 68,5 шақырымнан асатын 31 суару арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба Балтабай ауылдық округіндегі 5 мың гектар суармалы жердің сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Балтабай суару алқабында жаңғыртылып жатқан 31 арнаның төртеуі – шаруашылықаралық, ал 27-сі – шаруашылықішілік арна.

Шаруашылықаралық арналардың жалпы ұзындығы 15,2 шақырым болса, шаруашылықішілік арналар шамамен 53,3 шақырымды құрайды.

Қазіргі уақытта жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 100 пайызға орындалған.

«Барлық нысан «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасы» филиалының қарамағында. Балтабай суару алқабын толық пайдалануға келесі жылдың вегетация кезеңіне дейін дайындау жоспарланып отыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық су мамандары АҚШ университетінде тағылымдамадан өтуі мүмкін екенін хабарлаған едік.