Елімізде әйел курьерлерді қолдауға бағытталған пилоттық жоба іске қосылады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қоры әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін дамытуға бағытталған үшжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа жоба – қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйел курьерлерге нақты көмек көрсетуге бағытталған. Негізгі мақсат әр отбасының жағдайын жеке қарастырып, әйелдерге қажетті қолдау мен тиісті қызметтерді алуға көмектесу.
Меморандум аясында тараптар өздерінің мүмкіндіктері мен тәжірибесін біріктірмек. Бірлескен жұмыс бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, әйелдердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беру, қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға жәрдемдесу, білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысуына көмектесу көзделіп отыр. Қажет болған жағдайда әйелдерге құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету, қолданыстағы тәртіп пен ұйымдардың мүмкіндігіне қарай медициналық көмек алуға жәрдемдесу мүмкін де қарастырылған.
Көмектің нақты түрі мен көлемі әр адамға жеке белгіленеді. Бұл ретте әйелдің өмірлік жағдайы, отбасының қажеттілігі және жобаның талаптары ескеріледі.
«Жоба әзірге пилоттық тәртіпте жүзеге асырылады. Оған Yandex Go мобильді қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады. Ол үшін әйел курьерлер кемінде төрт апта бойы осы сервистерді пайдалануы керек. Сонымен қатар, қатысушының қиын немесе дағдарысты жағдайда болуы ескеріледі», - делінген хабарламада.
Өтініштерді іріктеу кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматшаларға басымдық беріледі. Олардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар тұлғалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жандар бар. Аталған санатқа жататын азаматтардың әр өтініші жеке тәртіппен бағаланады және әр жағдайдың ерекшелігі ескеріледі. Бұл ретте азаматтың өмірлік ахуалы, отбасының қажеттіліктері және жоба талаптарына сәйкестігі негізге алынады.
Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі туралы толық ақпаратты Yandex Pro мобильді қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінен, «Әйел курьерлерге көмек» мақаласынан білуге болады. Қосымша ақпаратты тиісті сервистің қолдау қызметінен де алуға мүмкіндік бар.
Еске салайық, бұған дейін Астанада робот-курьерлер арқылы жеткізу қызметі іске қосылғаны туралы жаздық.