Аичи-Нагоя-2026: Қазақстан құрамасына Жапония елшілігі қолдау білдірді

Аичи-Нагоя-2026: Қазақстан құрамасына Жапония елшілігі қолдау білдірді
Фото: ҰОК

Жапонияның Қазақстандағы елшілігі Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындары қарсаңында қазақстандық спортшыларға арналған қабылдау өткізді. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің, Ұлттық Паралимпиадалық комитеттің, Туризм және спорт министрлігінің, спорт федерацияларының өкілдері және Жапонияда өтетін жарыстарда ел намысын қорғайтын спортшылар қатысты.

Қабылдауда Жапонияның Қазақстандағы елшісі Ясумаса Иидзима қазақстандық спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, Азия ойындарының Жапония үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.

Жапония 2026 жылы Азия ойындарын үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін құрлықтың жазғы спорт додасы 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада өткен.

Елші Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы жетістіктеріне де тоқталды.

«Соңғы бірнеше жылда Қазақстан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада ойындарында елеулі жетістіктерге жетті. Сонымен қатар ел мәдениет пен ғылым саласында да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мұның барлығы жас әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның зор әлеуетін аңғартады. Ал сіздер, спортшылар, осы жетістіктердің маңызды бөлігісіздер. Алдағы жарыстарда Қазақстан құрамасына сәттілік тілеймін», – деді Ясумаса Иидзима.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері жапон тарапына қазақстандық командаға көрсеткен қолдауы мен ықыласы үшін алғыс білдірді. Кездесуде спорттың екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, өзара ынтымақтастықты дамытудағы рөлі де аталып өтті.

Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарына Қазақстан атынан шамамен 560 спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Жарыстар 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.

Азия ойындарының бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 спорттық дисциплина енгізілген. Жалпы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ал V Азия Пара ойындары 18-24 қазан аралығында өтеді.

Бұған дейін 2026 жылғы Азия ойындары медальдарының тұжырымдамасы таныстырылғанын жазғанбыз