Зияткерлік меншік саласында Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова зияткерлік меншік саласында Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ботагөз Жақселекованың айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясында зияткерлік меншікті заңмен қорғау нормасы алғаш рет бекітілді. Бұл адамның шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызын көрсетеді. Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес зияткерлік меншік саласында Бірыңғай цифрлық платформа (БЦП) енгізіліп жатыр.
Аталмыш платформа авторлар мен құқық иеленушілерді, құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарын және туындыларды пайдаланушыларды бірыңғай цифрлық ортаға біріктіреді. Платформада шарт жасасу, туындылардың пайдаланылуын есепке алу, есептілік қалыптастыру, сыйақыны бөлу және төлеу процестері кезең-кезеңімен автоматтандырылады.
«Платформаны үш кезеңмен енгізу көзделген. Қаңтардан бастап бірінші кезең радиостанцияларды, телеарналарды, кəбілдік жəне спутниктік операторларды, сондай-ақ таза тасымалдағыштар саласын қамтиды. 1 шілдеден басталған екінші кезең театрларды, филармониялар мен кинотеатрларды қамтиды. Үшінші, ең ауқымды кезең 2027 жылғы 1 қаңтардан басталып, кафелерді, мейрамханаларды, сауда орталықтарын, қонақүйлерді жəне бизнестің басқа да санаттарын қамтиды», - деді ол.