Жанарбек Әшімжан: Құрылтай – елдің саяси кемелдігінің көрінісі

Жанарбек Әшімжан: Құрылтай – елдің саяси кемелдігінің көрінісі
Фото: t.me/mazhilis_kz

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Президенттің Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында ел дамуының басым бағыттарына қатысты айтқан сөздеріне пікірін білдірді. Бұл туралы Жанарбек Әшімжан Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бүгін қазақ елі аса маңызды саяси кезеңге қадам басты. Ұлт жылнамасының жаңа парағы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясының ресми ашылуы елдің саяси жүйесіндегі кезекті институционалдық өзгеріс қана емес, халықтың үнін билікке тікелей жеткізуге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған маңызды тарихи кезең деуге болады.

Жаңа Құрылтайдың жұмысын бастауы қоғамның мемлекет басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік беретін, халықтың сенімі мен мүддесін заң шығару деңгейінде қорғауға жол ашатын жаңа саяси кеңістіктің қалыптасуы деп білемін», – деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Жанарбек Әшімжан Президенттің баяндамасында еліміздің алдағы даму бағыттары мен қоғам алдындағы негізгі міндеттерге ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Президент өз баяндамасында еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдында тұрған негізгі басымдықтарға тоқталды. Әсіресе, ұлттың тұтастығын сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік әділдікті орнықтыру мәселелері әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздің болашағы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтіні анық. Мемлекеттің қуаты ең алдымен оның рухани тұғырының беріктігімен, ұлттық құндылықтарының өміршеңдігімен айқындалады. Сондықтан өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тарихымызды түгендеу, мәдениетімізді жаңғырту – кейінге қалдыруға болмайтын маңызды міндет», – деді Құрылтай депутаты.

Оның пікірінше, руханият мәселесі мемлекеттіліктің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселелерді елмен кездесулерінде үнемі атап өтіп келеді. Демек, ұлттың темірқазығы саналатын руханият мәселесі мемлекеттіліктің күн тәртібінен бір сәтке де түскен емес. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыру, әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты өзегі. Әлеуметтік теңсіздікті азайту, өңірлердің дамуындағы алшақтықты қысқарту, әрбір азаматтың мәселесіне назар аудару – Құрылтай депутаттарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, ел игілігіне бағытталған әділ әрі тиімді шешімдер қабылдау жолында аянбай еңбек ету – біздің басты парызымыз», – деді ол.

Бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аға оқытушысы Жанат Момынқұлов Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерген мәселелеріне қатысты пікір білдірген болатын.