«Зерделі ұлт» жобасы: Қазақстанда кітап оқитындарға сыйақы мен жаңа мүмкіндіктер қарастырылады
Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырған «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстелде Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру тетіктері, ұлттық әдебиетті қолдау және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлығы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынғанын айтты.
Оның сөзінше, министрлік кітапханалардағы кітап қорын көбейтуден гөрі, қолда бар кітаптардың оқырманға жетуіне басымдық бермек. Осы бағытта тоғыз бағыттан тұратын кешенді жоспар әзірленіп, онда елуге жуық іс-шара қамтылған.
«Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес жалпыұлттық кітап оқу жобасының ережесі дайындалып, Үкіметтің қарауына енгізілді. Жоба мектеп оқушылары, жастар және ересектерді қамтиды. Қатысушылар жиырма күн сайын бір кітап оқып, арнайы платформада тест тапсырады. Әр ай сайын үздік жүз оқырман марапатталса, барлық кезеңнен үздік өткен қатысушыларға қомақты ақшалай сыйақы беру де қарастырылып жатыр», – деді Алмаз Мырзахмет.

Сонымен қатар ол зиялы қауым өкілдерінен үш жас санатына арналған жақсы оқылатын 15 кітаптың тізімін ұсынуды сұрады. Оның айтуынша, бұл тізімді қалыптастыруда қателесуге болмайды, сондықтан қазақ және әлем әдебиетіндегі ең үздік шығармалар іріктелуі қажет.
Алмаз Мырзахмет Президент тапсырмасымен кітап оқу мәдениетін насихаттап жүрген азаматтарға арналған ұлттық сыйлықтың да әзірленіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, марапат әдебиетті дәріптеп жүрген медиа жобаларға, блогерлерге, кітап клубтарына және өзге де бастамашыл азаматтарға беріледі.
Жиында цифрлық кітап платформасын құру мәселесіне де ерекше тоқталды. Жоба іске асқанда еліміздегі барлық кітапхана бірыңғай жүйеге біріктіріліп, оқырман Қазақстанның кез келген кітапханасындағы кітапты бір оқырман билеті арқылы пайдалана алады.
«Авторлар үшін де жаңа мүмкіндік жасалады. Электронды платформа арқылы кітаптарын заңды түрде ұсынуға, оқырман ақылы түрде оқыған жағдайда қаражаттың тікелей автордың өзіне түсуіне жағдай қарастырылып жатыр. Бұл қаламгерлердің еңбегін қолдаудың жаңа тетігі болады», – деді ол.
Сондай-ақ министрлік «Кітапхана және кітап басу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатқанын айтты. Құжатта әдеби агенттіктерді қолдау, қаламгерлерге грант бөлу, шығармаларды шетел тілдеріне аудару мен халықаралық нарыққа шығаруды мемлекеттік қолдау тетіктері көзделген.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған, жазушы Нұртөре Жүсіп кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың басты жолы – балалардың қызығушылығын арттыру екенін айтты.
Ол бүгінгі таңда әлем бойынша балалардың кітаптан алыстап бара жатқанын айтып, оларды кітапқа мәжбүрлеумен емес, ынталандыру арқылы тарту қажет екенін жеткізді.
«Кітап оқыған балаларға спорт секцияларына тегін жолдама, қоғамдық көлікте жеңілдік, бассейнге абонемент, ұялы байланыс қызметтеріне бонус беру сияқты әлеуметтік қолдау тетіктерін қарастыруға болады. Ең көп кітап оқыған оқушыларды жазғы лагерьлерге, білім беру бағдарламаларына жіберу де үлкен мотивация болады», – деді ол.
Нұртөре Жүсіп оқу мәдениетін қалыптастыру балабақшадан басталуы тиіс екенін айтып, балалар басылымдарының таралымын көбейту, аналардың кітап оқу мәдениетін дамыту, қазақ әйелдері арасында кітап оқу жобаларын ұйымдастыру қажеттігін көтерді.
«Ғалымдардың зерттеуі бойынша кітап оқитын баланың миының даму деңгейі әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан «Зерделі ұлт» қалыптастырудың негізі – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру», – деді Нұртөре Жүсіп.

Қоғам қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай бұл бастаманың жай ғана кітап оқу науқаны емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді жоба екенін айтты.
Оның пікірінше, кітапқа деген құрметті бала кезден қалыптастыру үшін балалар әдебиетін күшейтіп, қаламгерлердің мектептермен, ауыл-аймақтармен кездесуін қайта жандандыру қажет.
«Біз кітаптың қасиетін қайтара білуіміз керек. Бұрын ауылдарға жазушылар келетін, олардың әр кездесуі балалар үшін үлкен рухани оқиға болатын. Қазір сондай байланысты қайта жаңғырту қажет. Сонымен бірге кітапты насихаттайтын жүйелі ұйымдық жұмыстар күшейтілуі тиіс», – деді Ғалым Жайлыбай.
Ол мемлекет тарапынан әдебиетке көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалап, ендігі басты міндет – сол мүмкіндіктерді қоғамдағы кітап оқу мәдениетін күшейтуге тиімді пайдалану екенін айтты.

Жиын барысында қатысушылар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы аясында кітап оқуды ынталандырудың жаңа тәсілдері, әдебиетті цифрландыру, ұлттық әдеби мұраны сақтау және жастар арасында оқу мәдениетін кеңінен дәріптеу бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын қолдау мақсатында «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі Qazaq Creative Hub алаңында «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks зияткерлік алаңын ұйымдастырған болатын.