Жапония мен БҰҰ ДБ Каспий теңізін қолдауға арналған жаңа жобаны іске асырып жатыр
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен Жапония Үкіметі Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне ден қоюға бағытталған құны 3 млн доллар бірлескен жобаны іске асырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі бірлесіп жүзеге асырады. Бастама су ресурстарын басқару мен мониторингті жетілдіруге, сондай-ақ Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар жоба Орталық Азия мен Кавказды байланыстыратын маңызды көлік және экологиялық дәліздегі су ресурстарын орнықты басқаруды қолдайды. Бұл бастама Жапония Үкіметінің «Орталық Азия + Жапония» диалогы мен саммиті аясында жариялаған Транскаспий халықаралық көлік бағытын қолдау жөніндегі ұсынысына сәйкес келеді.
Каспий теңізі – Еуразиядағы маңызды экологиялық аймақтың бірі. Онда 400-ден астам эндемик және қоныс аударатын жануар мекендейді. Алайда соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі климаттың өзгеруі, температураның көтерілуі, буланудың артуы, өзен ағысының азаюы және су ресурстарына түсетін жүктеменің көбеюіне байланысты күрделі мәселеге айналып отыр.

«Каспий теңізінің деңгейін өзгерту мәселесі бүгінде бүкіл Каспий өңірі үшін аса өзекті сын-қатерлердің бірі болып табылады. Теңіз деңгейінің үздіксіз төмендеуі экожүйеге, биоалуантүрлілікке, су ресурстарына, экономикалық қызметке және Каспий маңы аумақтары халқының әл-ауқатына кешенді әсер етеді», – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Жоба аясында экологиялық деректермен алмасу, мониторинг жүйесін дамыту және Каспий маңы мемлекеттерінің іс-қимылдарын үйлестіру мәселесіне басымдық беріледі. Әсіресе Каспийдің солтүстік бөлігіндегі және өзен салалары аумағындағы экожүйелерге ерекше назар аударылмақ.
«Бүгін біз Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне, экожүйелердің құлдырауына және су ресурстарына жүктеменің артуына байланысты елеулі сын-қатерлердің туындағанын көріп отырмыз. Бұл процестер уақтылы және үйлестірілген шешімдерді қажет етеді. Жобаны іске асыру су ресурстарының мониторингі мен басқару жүйесін нығайтуға, сондай-ақ Каспий теңізінің экожүйесін сақтау үшін мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтуге көмектесетініне сенімдіміз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Қазіргі уақытта Жапония Үкіметінің қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ ДБ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін арттыру, қалалардың климат өзгерісі мен төтенше жағдайларға төзімділігін күшейту бағытында бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Жаңа бастама осы серіктестік аясындағы төртінші жоба болмақ.
«Жапония өңірлік ынтымақтастық, ғылыми мониторинг және халықаралық әріптестік арқылы Каспий теңізінің деңгейін төмендету мәселесін шешуде Қазақстанды қолдау мүмкіндігін мақтан тұтады», – деді Ясумаса Ииджима.
Жоба шеңберінде Солтүстік Каспийді зерттеу және мониторинг жүргізудің заманауи әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бастама Қазақстанның климаттық саясаттағы басым бағытын іске асыруға ықпал етеді.
«Бұл жоба Қазақстанның ұлттық климаттық басымдықтарымен тікелей байланысты. Ол деректер негізінде шешімдер қабылдауды нығайтуға және елдің орнықты дамуы үшін су ресурстарын кешенді басқаруды дамытуға көмектеседі», – деді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Бұған дейін Ақтау портынан алғаш рет рапс майының экспорттық партиясы Иранға сәтті жөнелтілгенін жазған болатынбыз.