Тәуелсіздік күні: «Астана Опера» әртістері егемен еліміздің өнердегі елеулі жетістіктері туралы айтып берді
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін барша елмен бірге «Астана Опера» ұжымы да ерекше сезіммен қарсы алады. Мереке қарсаңында театр әртістері егемендік жылдары мәдениет пен өнер саласында орын алған елеулі өзгерістер мен жетістіктерді еске алып, елімізге өздерінің ең ізгі тілектерін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz «Астана Опера» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2000 жылы елордада Күләш Байсейітова атындағы тұңғыш опера және балет театры ашылғанда опера труппасының негізін қалаған санаулы жандардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев болды. Қазіргі таңда ол «Астана Операның» жетекші солисі болып еңбек етеді. Өз сөзінде сахна шебері тәуелсіздік жылдары ұлттық опера репертуары айтарлықтай толысқанын атап өтті.
«Опера – әлемдік ауқымдағы өнер, сондықтан опера театрлары ұлттық және классикалық репертуарды қатар дамытуы керек. Осы тұрғыда біздің «Астана Операда» отандық және әлемдік опера өнерінің барлық інжу-маржаны жиналған деп сеніммен айта аламыз», – дейді баритон.
Сондай-ақ ол бұрынғы кезде көпшілік қауым операны жіті түсіне бермегендіктен, қалың аудитория тек премьераларға жиналғанын, көрермендер санаулы ғана әртістердің өнерін тамашалауға барғанын қоса айтты. Ал қазір опера өнеріне деген қызығушылық едәуір артты.
«Бұл тұрғындардың мәдени деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді және осы жайт мені қуантады. Осынау асқақ өнерді насихаттап келе жатқан «Астана Опера» сынды Орталық Азиядағы ғаламат театрымыз бар. Шетелдегі гастрольдер кезінде көпшілігі біздің әншілердің дауыстарына, спектакльдеріміздің декорациялары мен костюмдеріне, еліміздің мәдениеті мен өнеріне таңданыспен қарайды», – деді әртіс.
Ол барлық жетістік тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болғанын айта отырып, Қазақстанның өсіп-өркендеуін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын тіледі.

Балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева өсіп-жетілуге және шын жүрегімен жақсы көретін салада еңбек етуге мүмкіндік бергені үшін мемлекеттік мереке қарсаңында елімізге ризашылығын білдірді. Еліміздің мәдени өміріне үлес қосу – прима-балерина үшін зор мәртебе. Ол Тәуелсіздік күні Қазақстанға бейбітшілік, молшылық пен одан әрі гүлденуді тіледі.
«Қазақстанда шығармашылық тұрғыда дамуға барлық жағдай жасалған. Әсіресе егемендік жылдары отандық балет өнері айтарлықтай нығайды: жаңа мектептер мен театрлар пайда болды, дарынды әртістердің буыны өсіп-жетілді, классикалық әрі заманауи спектакльдер белсенді қойылуда. Қазақстандық балет әлемдік танымалдылыққа ие бола бастады және ол халықаралық сахнада лайықты орын алды. Келешекте балетті одан да сан алуан қырынан көргім келеді және оның ұлттық қойылымдарға толы болғанын қалаймын. Біз балет арқылы өзіміздің мәдениетімізді, дәстүрлеріміз бен тарихымызды әлемге таныстыра аламыз, бірегей әрі төл қазақстандық өнерді жасаймыз», - деді ол.

Әріптестерінің тілегіне театр дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин де қосылды.
«Бәріңізді егемен еліміздің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Баршаңызға ашық аспан және шат-шадыман көңіл күй тілеймін. Әрбір азаматтың қажырлы еңбегінің арқасында сүйікті Отанымыз гүлденіп, көркейе берсін», – деді Руслан Баймурзин.
Маэстро тәуелсіз Қазақстанды мәдениеті мен экономикасы дамыған әлемнің алпауыт елдерінің қатарынан көргісі келетінін айтып, барлығын Отанымыздың болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ ол Қазақстанда ұлттық және классикалық өнердің жоғары деңгейде дамуы - шығармашылық жандарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін айтты.
«Астана Опера» әртістері әрбір жетістіктерін туған еліне арнайды. Қазақстанның игілігі мен егемендікті нығайту жолында еңбек ету – олар үшін зор бақыт.
Еске салайық, бұған дейін «Астана Опера» скрипкашылары 23 желтоқсанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында атақты композитор Иоганн Бахтың шығармаларын орындайтыны туралы хабарлаған едік.