Талдықорғанда 8 шақырым жылу желілері жаңғыртылады

Бүгін, 09:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Талдықорғанда 8 шақырым жылу желілері жаңғыртылады
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Талдықорған қаласында жылумен жабдықтау нысандарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 

2026–2029 жылдарға арналған коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында облыс орталығында инженерлік инфрақұрылымның тозуын төмендетуге және тұтынушыларды жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту көзделген.

Оның аясында 1980 жылы пайдалануға берілген және тозу деңгейі 61%-ды құрайтын диаметрі 700 мм жылу магистралін реконструкциялау жүргізіледі. 

Жоба 2029 жылға дейін үш кезеңмен іске асырылады. Қайта жаңғыртылатын учаскелердің жалпы ұзындығы – 8,7 км. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді.

Биыл «Талдықорған қаласының магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның ұзындығы 3,5 км. Бүгінгі күні 800 метр жұмыс орындалып, жоспардың 25%-ы іске асырылды.

Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша жылу магистралінің тозу деңгейі қазіргі көрсеткіштен 51,8%-ға дейін төмендейді. Бұл жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жылыту кезеңінде апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде пайдалану шығындарын азайту, жылу энергиясының шығындарын төмендету және қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттыру күтілуде. 

Талдықорғандағы жұмыстар елдің барлық аймақтарын қамтитын жылумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Ағымдағы жылы алдағы жылыту маусымына дайындық аясында еліміз бойынша жылу желілерінің 377 шақырымын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жоспарланған, оның ішінде 130 шақырымы – Ұлттық жоба аясында. Қазіргі уақытта жұмыстар 16 өңірде 152 шақырым бойында жүргізілуде, оның 35 шақырымы аяқталды.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері алдағы жылыту маусымына жылумен жабдықтау нысандарының дайындық барысына, жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуде.

Еске салайық, бұған дейін Арқалықтағы жылу және электр желілерін жаңғыртуға 5,8 млрд теңге бөлінгені туралы жаздық.