Қазақстандық университет Орталық Азияда алғашқы болып IB бағдарламасы бойынша мұғалімдер даярлайды

Бүгін, 15:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстандық университет Орталық Азияда алғашқы болып IB бағдарламасы бойынша мұғалімдер даярлайды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінен

SDU University Орталық Азиядағы халықаралық IB бағдарламасы бойынша мұғалімдер даярлайтын тұңғыш жоғары оқу орны атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

SDU University халықаралық International Baccalaureate (IB) бағдарламасының Primary Years Programme (PYP, 3-12 жас), Middle Years Programme (MYP, 11-16 жас) және Diploma Programme (DP, 16-19 жас) деңгейлері бойынша толық халықаралық аккредитациядан өтті. Университет Қазақстанда және ТМД кеңістігінде аталған үш бағдарлама бойынша бірдей аккредитация алған алғашқы жоғары оқу орны атанды. Бұл жетістік еліміздің халықаралық білім беру орталығы ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек SDU University-ге барып, ұжыммен кездесті және университеттің білім беру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастамаларымен танысты.

Бүгінде әлем бойынша бар болғаны 55 жоғары оқу орны IB тарапынан ресми түрде IB университеті ретінде танылған. Олардың қатарында The University of Hong Kong, University of Toronto, University of Melbourne, University of South Carolina және University of Bath сияқты әлемдік деңгейдегі жетекші университеттер бар. SDU University осы беделді тізімге еніп, өңірдегі позициясын айтарлықтай нығайтты.

SDU University-де IB бағдарламалары бойынша мұғалімдер даярлау үдерісі inquiry-based learning, зерттеушілік педагогика, қалыптастырушы бағалау, сондай-ақ академиялық адалдық қағидаттарына сүйенеді. Бұл тәсіл Қазақстандағы халықаралық және жеке мектептерге жоғары білікті педагогтер даярлауға мүмкіндік береді және еліміздің білім беру жүйесінің жаһандық стандарттармен үйлесімді дамуына жағдай жасайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда ресми түрде авторизацияланған 17 IB World School жұмыс істейді. SDU University үш деңгей бойынша аккредитация алуы аталған мектептерді кәсіби мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық педагогикалық қауымдастықтың дамуына жаңа серпін береді.

Бұған дейін Үкімет педагогтерді даярлау ісіне бақылауды күшейтетінін жазған болатынбыз.