Президент армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жыл басынан бері атқарған қызметінің қорытындысы, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстары жөніндегі баяндаманы тыңдады.
Дәурен Қосанов Мемлекет басшысына Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралар, ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы мәлімет берді.
Министр әскери басқару органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етуге және әскерлердің жауынгерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік барысын баяндады.
Ол Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесіне халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілгенін жеткізді.
Президентке әскерге шақыру науқаны, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде есеп берілді.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, атап айтқанда, 21-27 маусым аралығында Бурабайда «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге дайындық мәселелеріне назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге, армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.