Көркем гимнастикадан Астанада ашық чемпионат басталды
Көркем гимнастикадан 28–29 тамыз күндері елордада Астана қаласының ашық чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Биылғы бәсекеге Астана қаласы мен Қарағанды облысынан 320 спортшы қатысып жатыр.
Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің көркем гимнастика бөлімінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаеваның айтуынша, қала чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылып, үздік жас спортшыларды іріктеудің маңызды кезеңі саналады.
«Қала чемпионаты – Қазақстан Республикасының чемпионатында елорда намысын қорғайтын үздік спортшыларды анықтайтын маңызды жарыс. Бәсеке қорытындысы бойынша, әр жас санатында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар іріктеледі. Осылайша, чемпионат еліміздің басты додасы алдындағы іріктеу кезеңі ретінде қала құрамасын мықты әрі болашағы зор спортшылармен жасақтауға мүмкіндік береді», – деді Меруерт Балғынбаева.

Жарысқа спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер және бірінші санатты спортшылар қатысып, шеберлігін көрсетуде.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов көркем гимнастиканың елордадағы танымал спорт түрінің бірі екенін атап өтті.
«Көркем гимнастика – Астана қаласында үлкен сұранысқа ие спорт түрінің бірі. Бұған елордада осы спортқа маманданған жеке мектептердің көп болуы дәлел. Соның нәтижесінде елімізде ғана емес, халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген отандастарымыз аз емес.
Жақында Германияда өткен Азия чемпионатында Ақмарал Ерекешева үздік бестіктің қатарына енді. Ал көктемде Айбота Ертайқызы мен топтық жаттығудағы спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бүгінгі ашық чемпионаттан да еліміздің көк туын халықаралық аренада желбірететін талантты жастар шығады деп сенемін», – деді Азамат Ағзамов.

Жарысқа Астана қаласының үздік көркем гимнастшылары да қатысып жатыр. Олардың қатарында Дария Көшербаева, Рысбек Айғаным және №1 ұлттық құраманың топтық жаттығу тобы бар.
Астана қаласының ашық чемпионатының жеңімпаздары 29 тамызда анықталады.

