Көкнәр дәнін дәмдеуіш деп сатқан павлодарлық сотталды
Павлодар қаласында есірткінің заңсыз айналымы және қылмыстық кірістерді заңдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында З.Алекперовтің құрамында есірткі бар көкнәр тұқымын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз сатуды ұйымдастырғаны анықталды.
Қылмыстық схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және сату міндеті бөлінген.
Өнімдер басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп, көкнәр тұқымы мен дәмдеуіш ретінде сатылған. Тінту барысында есірткі заттары араластырылған көкнәр тұқымдарының буып-түйілген партиялары тәркіленді.

Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банк аударымы арқылы да қабылданған. Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
Сот үкімімен З.Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Автокөліктер тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды. Үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, полиция Қарасайдағы жеке үйден есірткі зертханасын тапты.