Елордада «Астана – есірткісіз қала» атты ауқымды акция өтті
Есірткіге қарсы күрестің халықаралық күніне орай Астана қаласының полиция департаменті елорда әкімдігімен бірлесіп, Орталық саябақтағы Амфитеатрда «Астана – есірткісіз қала» ұранымен ауқымды қалалық акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл айлығының қорытындысына арналды.
Акцияға елорда тұрғындары мен қонақтарынан үш мыңнан астам адам қатысып, ол салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған ең ірі қоғамдық іс-шаралардың біріне айналды.
Кештің басты оқиғасы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама болды. Сахнада Қайрат Нұртас, BAYTEREK TOBY, KOBA, Amantai Aben, этно-топ, Мөлдір Мұқан және Мерей Ақшалов өнер көрсетті. Танымал өнерпаздар есірткіге қарсы бастаманы қолдап, жастарды спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға және белсенді өмір салтын ұстануға үндеді. Фестиваль қонақтары үшін интерактивті алаңдар, спорттық жарыстар, түрлі байқаулар мен викториналар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шараға Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Осындай іс-шаралардың басты мақсаты – жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу және қоғамды есірткі қатеріне қарсы күреске жұмылдыру. Астана қаласының полиция департаменті жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, сондай-ақ есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жүргізілетінін еске салады. Бұл бағыттағы профилактикалық және жедел іс-шаралар алдағы уақытта да кешенді әрі жүйелі түрде жалғасады», деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Еске салсақ, Қазақстанға тыйым салынған биологиялық белсенді қоспаны жеткізуші арнаның жолы кесілді.