Әзілхан Қазиханов: Астанада ұрлықтың алдын алу үшін бақылау күшейтілді

Әзілхан Қазиханов: Астанада ұрлықтың алдын алу үшін бақылау күшейтілді
Фото: Әзілхан Қазихановтың жеке мұрағатынан

Қоғамдық орындардағы ұрлық фактілері бүгінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе адам көп жүретін жерлерде азаматтардың жеке заттарының жоғалу жағдайлары жиі тіркеледі. Осыған байланысты Астана қаласы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әзілхан Қазиханов қоғамдық орындардағы ұрлықтардың алдын алу, оларды ашу жолдары және сақтық шаралары туралы Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.

Тәртіп сақшысының айтуынша, қоғамдық орындарда ұрлық фактілері әлі де жиі кездеседі. Әсіресе сауда үйлері, автобустар, базарлар, саябақтар мен қоғамдық көліктерде сөмке, ұялы телефон, велосипед секілді заттардың ұрлану жағдайлары тіркеледі.

Полиция мұндай қылмыстарды анықтау барысында бейнебақылау камераларын, куәгерлердің жауаптарын және жедел-іздестіру шараларын пайдаланады. Сонымен қатар бұрын осындай құқықбұзушылық жасаған тұлғаларды тексеріп, заманауи ақпараттық жүйелердің көмегі арқылы күдіктілер анықталады.

Бүгінде мұндай істердің алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар да күшейтілген.

«Полиция қоғамдық орындарда рейдтерді күшейтіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оған қоса, патрульдеу қызметі қатаңдатылып, халық көп шоғырланатын жерлерде бақылау артуда», - деп атап өтті Әзілхан Қазиханов.

Бүгінде ұрлық қылмыстарын ашуда заманауи технологиялардың көмегі айтарлықтай.

«Бейнебақылау камералары және «Сергек» жүйесі күдіктілердің қозғалысын бақылауға, олардың жүрген бағытын анықтауға және қылмысты тез ашуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бет-әлпетті тану жүйелері, деректерді талдау платформалары және цифрлық бақылау құралдары қолданылып жатыр», - деп атап криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі.

Маман ұрланған мүлікті қайтару мүмкіндігі азаматтардың полицияға дер кезінде хабарласуына тікелей байланысты екенін айтты. Егер нақты мәліметтер, бейнежазбалар немесе куәгерлер болса, жоғалған затты қайтару ықтималдығы жоғары болады.

Полиция қоғамдық орындарда азаматтарға жеке қауіпсіздікке мұқият болуға кеңес береді.

«Азаматтар бағалы заттарын қараусыз қалдырмауы керек. Қоғамдық орындарда сөмке мен ұялы телефонды бақылауда ұстауы қажет. Велосипедке сенімді құлып қолданғаны дұрыс. Сондай-ақ күмәнді адамдарға сақ болған жөн. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – ұрлықтың алдын алудың ең тиімді жолы», - дейді полиция подполковнигі.

Астана полициясы азаматтарға қырағы болуға, жеке мүлкіне мұқият қарауға және күмәнді жағдай байқалса, бірден 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді.

Мадина Ізекенова