Елордадан Ларнакаға ұшатын маусымдық рейстер ашылды

2 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордадан Ларнакаға ұшатын маусымдық рейстер ашылды
Фото: Air Astana әуекомпаниясы

Бүгін Астана-Ларнака бағыты бойынша алғашқы маусымдық рейс орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Air Astana әуекомпаниясына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, Алматыдан Ларнакаға рейстер 4 маусымда басталады. Рейстер қыркүйек айына дейін заманауи Airbus A321LR әуе кемелерімен орындалады.

«Астанадан рейстер аптасына екі рет - сейсенбі және сенбі күндері, ал Алматыдан бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Ұшу ұзақтығы Астана–Ларнака бағыты бойынша 5 сағат 40 минут, ал Алматы–Ларнака бағыты бойынша 6 сағат 5 минутты құрайды. Рейстер кестесі туралы толық ақпарат әуекомпанияның ресми сайтында қолжетімді», делінген хабарламада.

Барлық алымдарды қоса есептегендегі екі жаққа әуебилет құны эконом-класта Астанадан 286 881 теңге, Алматыдан 300 819 теңгеден басталады. Бизнес-кластағы билет бағасы тиісінше 729 184 теңгеден және 783 377 теңгеден басталады. Билеттер әуекомпанияның ресми сайтында, мобильді қосымшасында және аккредиттелген туристік агенттіктер арқылы қолжетімді.

Айта кетейік, Ларнака - Кипрдің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан аралдағы ең ірі туристік мекендердің бірі. Астанадан орындалған алғашқы рейстің жүктемесі 83%-ды құрады. Сондай-ақ, Кипрге рейстер Air Astana-ның маусымдық маршруттық бағдарламасына кіреді. 2026 жылғы жазғы кесте аясында әуекомпания Түркия, Грузия және Черногория секілді сұранысқа ие туристік бағыттарға да рейстер орындайды.

Еске салсақ, Варшавада Алматыға жаңа тікелей рейстің тұсаукесері өтті.