Астанадағы қымбат фаралар ұрлығы: бұрынғы қызметкер күдікке ілінді
Астанада автокөлік бөлшектері дүкенінің бұрынғы қызметкері қоймадан қымбат фараларды ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тергеу мәліметінше, ер адам дүкеннің қазіргі қызметкерлерімен алдын ала сөз байласқан.
Ол қызметтік ақпаратты пайдаланып, жалған тапсырыс ұйымдастырған, содан кейін қоймадан қымбат автокөлікке арналған төрт фараны еш кедергісіз алып шыққан. Ұрланған мүліктің жалпы құны бір миллион теңгеден асқан.
Тауардың жетіспеушілігін анықтаған дүкен иесі полицияға жүгінген. Полицейлер бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаны анықтады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты.