Астанада «Отбасы-Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтті

21 маусым, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Астанада «Отбасы-Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтті
Фото: Әмір Теміржан

Астанада балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және отбасылық демалысты ұйымдастыруға бағытталған «Отбасы-Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Фестиваль жаз мезгілі бойы – маусымнан тамызға дейін жалғасады. Іс-шаралар әр сенбі және жексенбі күндері сағат 15:00-ден бастап қалалық саябақтарда ұйымдастырылады. Маусым айында фестивальдің негізгі алаңы ретінде «Жетісу» саябағы белгіленген.

Фестиваль аясында балалар мен олардың ата-аналары үшін шығармашылық шеберлік сабақтары, анимациялық және ойын-сауық бағдарламалары, концерттік қойылымдар, би және цирк нөмірлері, сондай-ақ экологиялық іс-шаралар ұсынылады.

«Отбасы-Time фестивалін үшінші жыл қатарынан жүргізіп келемін. Бұл жоба елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Демалыс күндері саябаққа серуендеуге келген ата-аналар мен балалар түрлі ойын-сауық және шығармашылық бағдарламаларға қатыса алады. Балалар үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, аквагрим жасалады. Барлық іс-шара тегін өткізіледі. Фестиваль барысында театрландырылған қойылым көрсетіліп, балалар өз өнерін ортаға салады. Аниматорлар жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік билер ұйымдастырылады. Ата-аналар мен аға буын өкілдері де қатысып, латынамерикалық биді үйренеді. Яғни жоба балаларға ғана емес, бүкіл отбасы мүшесіне арналған. Біз демалыс күндері қала тұрғындарының уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз», – деді «Отбасы-Time» фестивалінің жүргізушісі Гүлден Науырзым.

Фестиваль қатысушылары мұндай іс-шараның балалардың шығармашылық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жетісу» саябағында өтіп жатқан фестивальге балаларыммен екінші күн қатарынан келіп отырмыз. Іс-шаралар өте қызықты ұйымдастырылған. Балаларыма ерекше ұнады. Тіпті қызым бірінші күннен кейін-ақ қайта келгісі келетінін айтып, өзі сұранды. Фестиваль аясында балаларға арналған түрлі ойын, байқау мен шығармашылық шара өткізіледі. Кеше аквагрим жасалып, кішкентай қызым сурет салу алаңына қатысты. Ұйымдастырушылардың жұмысы да жоғары деңгейде. Балалардың бос уақытын гаджеттен алшақтатып, осындай танымдық әрі көңілді іс-шараларға тарту өте маңызды деп ойлаймын. Әсіресе жазда таза ауада уақыт өткізу олардың денсаулығы мен дамуына оң әсер етеді. Менің екі қызым да фестивальге белсенді қатысып жүр. Үлкен қызым мектепте оқиды, ал кішісі балабақшаға барады», – деді қала тұрғыны Гүлзат Құрманбекқызы.

Айта кетейік, фестиваль тамыз айының соңына дейін жалғасады. Шілде және тамыз айларында өтетін алаңдар туралы ақпарат ұйымдастырушылар тарапынан қосымша хабарланады.