«Астана Опера» әртістері Гонконгтегі Үлкен театр сахнасында өнер көрсетеді

25 тамыз, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Астана Опера» әртістері Гонконгтегі Үлкен театр сахнасында өнер көрсетеді
Фото: «Астана Опера» баспасөз қызметі

Жазғы шығармашылық үзіліске қарамастан «Астана Опера» әртістері әлемнің түкпір-түкпірінде гастрольмен өнер көрсетіп, ауқымды халықаралық жобаларға белсенді қатысуда. Мәселен, жетекші солистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен халықаралық байқаулардың лауреаты Шұғыла Әдепхан  «Болашақ жұлдыздар 2026» жыл сайынғы халықаралық гала-концертінде өнер көрсетуге шақыру алды. Қазақстандық балет жұбы шақырылған әртістер ретінде 29-30 тамызда Гонконгтегі Үлкен театр сахнасына шығады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Астана Опера» баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Халықаралық гала-концерт ұйымдастырушылары Джин М.Ван балет мектебі мен Цзиньфорн С.Ван атындағы мемориалдық стипендия қоры қазақстандық солистердің шығармашылығымен біраз уақыттан бері жақсы таныс, сондай-ақ олардың әлеуметтік желілерін де бақылап отырады. Шақыру қағазында олар Шұғыла мен Еркіннің театр сахнасында шыңдалған жоғары кәсіби шеберлігі мен бірегей өнері Гонконг өнерпаздары мен көрермендері үшін үлкен шабыт көзі болатынын ерекше атап өткен.

«Біз бұл гастрольді тағатсыздана күтудеміз, өйткені Қазақстанның өнерін Қытайда паш ету – біз үшін үлкен мәртебе. Осыған дейін мұнда Қазақ ұлттық хореография академиясында оқып жүрген кезімде өнер көрсеттім, сондықтан бұл менің осы керемет елге екінші сапарым болмақ. Еркін екеуіміз қытайлық көрермендерге Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-дені ұсынамыз. Бұл композицияны жуырда «Сириус – Роза Хутор» бірінші халықаралық өнер фестивалінде таныстырған едік, сондықтан Қытайдағы өнер көрсетуге дайындығымыз әлдеқашан ерте басталып кетті деуге болады», – деп пікірімен бөлісті жарқын балерина Шұғыла Әдепхан.

Осы ретте Еркін Рахматуллаевтың Қытайға әріптесінен екі аптаға ертерек барғанын атап өтуіміз керек. Қазір жетекші балет солисі мұнда Джин М.Ван балет мектебінің түлектерімен бірге П.И.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетіндегі Ханзаданың басты партиясында өнер көрсетуге дайындалуда. Осынау хореографиялық жауһар «Болашақ жұлдыздар» гала-концертінің бірінші бөлімін ашады.

Айта кетейік, Еркін Рахматуллаев үшін де бұл Аспан асты еліндегі алғашқы өнер көрсетуі емес. Өз сөзінде ол Қытайға халықаралық байқауларға қатысу үшін бірнеше рет барып, жүлделі оралғанын және бұл жолы да отандық балет өнерінің жоғары деңгейін көрсету үшін барын салатынын атап өтті.

«Ұйымдастырушылар бізге сахна шебері ретінде сенім артып, жас әртістермен өзіміздің мол тәжірибемізді бөліскенімізді қалайды. Әрине, олардың қазақстандық балет өнерінің деңгейіне осылай жоғары баға бергені қуантарлық жағдай. Осы ретте барлық труппаның ішінен бұл өнер көрсетуге әріптесім Шұғыла Әдепхан екеуімізді ұсынған труппамыздың көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға сенімі мен қолдауы үшін үлкен рақметімді айтамын. Кез келген әртіс үшін халықаралық деңгейде мойындалудың маңызы зор, сондықтан өнерімізді үздік қырынан паш етуге және осылайша келешекте театрымыздың өзге де дарынды әртістерінің халықаралық жобаларға жиі шақыру алуына үлесімізді қосуға тырысамыз», – деп қорытындылады Еркін Рахматуллаев.

Осы ретте Джин М.Ван балет мектебі Азиядағы ең алғашқы әрі тарихы бай жекеменшік балет мектептерінің бірі болып табылатынын атап өтуіміз керек. Ол 1960 жылы Гонконгтегі балет өнерінің дамуына және кәсіби кадрлар даярлауға орасан зор үлес қосқан мәдениет қайраткері Джин М.Ванның мұрындық болуымен құрылған. Жыл сайын мектеп әкімшілігі ең дарынды түлектері мен шәкірттеріне (соның ішінде Цзиньфорн С.Ван атындағы арнайы стипендия иегерлеріне) қолдау көрсету және олардың әлемдік деңгейдегі шақырылған жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік береді.

Гонконг мәдениет орталығының Үлкен театры – әлемдік деңгейдегі труппалар өнер көрсететін ең басты сахналардың бірі екенін еске саламыз. Мұнда «Астана Опера» солистерінің өнер көрсетуі қытайлық талғампаз көрермендердің классикалық бидің озық үлгісімен қауышатын және қазақ балетінің халықаралық деңгейдегі биік беделін тағы бір мәрте айшықтайтын маңызды оқиғаға айналмақ.