Астана бос жұмыс орындары саны бойынша көш бастады

10 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана бос жұмыс орындары саны бойынша көш бастады
Фото: magnific.com

Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 495,7 мың бос жұмыс орны мен 609,3 мың түйіндеме орналастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде биыл мамыр айында жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасына 86,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 91,6 мың түйіндеме орналастырған.

Кадрларға көп сұраныс ең алдымен білім беру саласында байқалады (14 мың бос жұмыс орны). Сондай-ақ өзге де қызмет түрлерін көрсету саласында (12,5 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету секторында (8,6 мың), құрылыста (8 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында (7,5 мың), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде (6,9 мың) жоғары сұраныс сақталуда.

Ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласында (8,3 мың), Павлодар облысында (5,5 мың), Алматы қаласында (5,2 мың), Түркістан облысында (5,1 мың) және Атырау облысында (5 мың) жарияланды.

Жұмыс берушілердің сұранысында орта біліктілік деңгейіндегі мамандар басым. Олар барлық бос жұмыс орындарының шамамен 43%-ін құрайды. Төмен біліктілікті талап ететін жұмыс орындарының үлесі – 31%, жоғары білікті мамандарға сұраныс 26%-ті құрады.

Еңбек нарығындағы ұсынысқа келсек, мамырда 91,6 мың түйіндеме орналастырылды. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігін 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі, олар барлық түйіндеменің 41%-ін құрайды. 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45-54 жас аралығындағылар – 20%, ал 55 жастан асқандар – 11%. Гендерлік құрам бойынша жұмыс іздеушілердің 52%-і әйелдер болса, 48%-і ер адамдар.

«Біліктілік деңгейі тұрғысынан еңбек ұсынысының құрылымы жұмыс берушілер сұранысымен жалпы алғанда сәйкес келеді. Түйіндемелердің 40%-і орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға тиесілі болса, 31%-ін жоғары білікті мамандар, ал 29%-ін төмен біліктілікті жұмыс іздеушілер құрайды», делінеді хабарламада.

Мамыр айы бойынша ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындары қатарында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс бастығының орынбасары (шамамен 1,45 млн теңге), ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі инженер (шамамен 1,23 млн теңге) және бас дәнекерлеуші (шамамен 1,24 млн теңге) бар. 

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткендер қатарында кеме капитаны лауазымына үміткерлер (шамамен 8,7 млн теңге), басшының орынбасары (шамамен 3,7 млн теңге) және ұшқыштар (шамамен 2,8 млн теңге) тіркелді.

Еске салсақ, елімізде 131 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетілді.