Ақылы жолдан тоқтамай өтуге болады: «ҚазАвтоЖол» жаңа мүмкіндік ұсынды
ҚазАвтоЖол республикалық маңызы бар ақылы автокөлік жолдарымен жүретін жүргізушілерге жол ақысын автоматты түрде төлеуге мүмкіндік беретін RFID-белгілерді пайдалануды ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, бұл технология төлем алу пункттерінен өту уақытын қысқартып, көлік кезегін азайтуға мүмкіндік береді.
«RFID-белгі автокөлікке орнатылып, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен пайдаланушының жеке шотына байланыстырылады. Көлік төлем алу пунктінен өткен кезде жүйе оны автоматты түрде сәйкестендіріп, жол жүру ақысын шоттағы қаражаттан есептен шығарады. Яғни жүргізушіге төлем жасау үшін арнайы тоқтаудың қажеті жоқ», - делінген хабарламада.
RFID-белгілер тегін беріледі. Оларды республикалық маңызы бар ақылы жолдардағы төлем алу пункттерінен алып, сол жерде орнатуға болады. Мамандар құрылғыны автокөлікке байланыстыруға көмектеседі.
RFID-белгілерді пайдалану төлем алу пункттерінің өткізу қабілетін арттырып, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды кезеңдерде жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
RFID-белгіні алу және пайдалану бойынша толық ақпаратты 1403 нөмірі арқылы білуге болады.
Компания жүргізушілерге тегін RFID-белгіні алдын ала алып, жеке шоттағы оң теңгерімді сақтауды ұсынды.
«Бұл ақылы жолдардан өткен кезде төлемді автоматты түрде әрі тоқтаусыз жүргізуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясы.