Ақтөбе облысында тағы бір ауыл алкогольден бас тартты

Бүгін, 16:04
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбе облысында тағы бір ауыл алкогольден бас тартты
Фото: Ақтөбе облысы полиция департаментінен

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Қияқты ауылында жергілікті атқарушы органдар, қоғам өкілдері және полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға ауыл әкімі, ауыл ақсақалдары, полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық тәртіпті нығайту және ауылдағы қолайлы әлеуметтік ахуалды сақтау мәселелері талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.

Қияқты ауылында 62 үй бар, халық саны – 207 адам. Соңғы бес жыл ішінде ауыл аумағында бірде-бір қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық тіркелмегені атап өтілді.

Полиция қызметкерлері мұндай оң нәтижелер тұрғындардың ауызбіршілігінің, ауыл халқының белсенді азаматтық ұстанымының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, ақсақалдар кеңесі мен полицияның бірлескен профилактикалық жұмысының арқасында мүмкін болып отырғанын айтты.

Бүгінде облыс бойынша 40 елді мекен алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту бастамасын қолдады. Тұрғындары алкогольден бас тартқан ауылдарда тұрмыстық жанжалдар мен құқық бұзушылықтар саны азайып, қоғамдық тәртіп нығайып, қауіпсіздік деңгейі артып келеді.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды өзара сыйластықты, заңға құрметті және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарау дәстүрін одан әрі сақтауға шақырды.