Референдум-2026

Алматыда шетелдік туристерден артық ақы алған такси жүргізушісі жауапқа тартылды

Алматыда шетелдік туристерден артық ақы алған такси жүргізушісі жауапқа тартылды
Фото: Freepik

Алматыда Үндістаннан келген екі туристен негізсіз жоғары жолақы алған такси жүргізушісіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Заңсыз алынған ақша шетелдік азаматтарға толықтай қайтарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, туристер Алматы халықаралық әуежайынан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін таксимен барған. Алайда жүргізуші олардан жолақы ретінде 150 АҚШ долларын талап еткен. Бұған келіспеген шетелдік қонақтар полицияға шағымданған.

Тексеру барысында такси жүргізушісінің жеке басы жедел анықталды. Полицияның араласуымен заңсыз алынған қаражат туристерге толық көлемде қайтарылды.

Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданған.

Алматы қаласының полициясы жолаушыларды, әсіресе шетелдік туристерді алдап, заңсыз табыс табуға бағытталған әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті. Ведомство мұндай құқық бұзушылықтардың әрқайсысына заң аясында қатаң шара қолданылатынын ескертті.