Референдум-2026

Алакөл жағалауында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Бүгін, 17:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Алакөл жағалауында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауында жазғы туристік маусым жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар және арнайы қызметтердің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Сонымен қатар құтқару мұнаралары, қалқыма белгілер (буй), санитарлық нысандар мен ақпараттық навигация жүйесінің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілген.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жағалауда күн сайын полиция қызметкерлері, құтқарушылар және медицина мамандары кезекшілік атқарады.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 50-ге жуық полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік, 5 ұшқышсыз ұшу аппараты және тәулік бойы бақылау жүргізетін 39 бейнебақылау камерасы жұмылдырылған.

Судағы қауіпсіздікті Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары қамтамасыз етеді. Жағалауда 14 құтқарушы кезекшілік атқарады, 11 жүзу құралы, оның ішінде катерлер мен қайықтар пайдаланылады. Демалушылардың қауіпсіз шомылуы үшін 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырымдық қалқыма белгілер желісі жабдықталған.

«Туристік маусым басталғалы бері шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында күн сайын профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізіліп келеді. 15 мамырдан бері күндізгі 90 және түнгі 62 рейд ұйымдастырылды. 24 шілдедегі жағдай бойынша 136 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Бұдан бөлек, жыл басынан бері Ақши және Көктұма жағажайларында Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзудың түрлі деректері бойынша 2 098 әкімшілік хаттама рәсімдеді. Жауапкершілікке қажетті құжаттары мен басқару құқығы жоқ шағын көлемді кеме жүргізушілері, құтқару кеудешелерін пайдаланбаған, жолаушылар санын асырып жіберген және кеме қатынасы қағидаларын бұзған тұлғалар тартылуда», - делінген хабарламада. 

Демалушыларға медициналық қызмет көрсету Ақши және Көктұма ауылдарында ұйымдастырылған. Туристік маусым бойы жедел медициналық жәрдем бригадалары мен медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, тек ресми тіркелген кеме жүргізушілерінің қызметін пайдалануға, құтқарушылардың талаптарын орындауға және шағын көлемді кемелермен жүзу кезінде міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге шақырады.