Заң мен тәртіп: елорда мектебінде жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Бүгін, 17:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Заң мен тәртіп: елорда мектебінде жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Фото: Астана қаласы №101 орта мектебінен

Елордада №101 орта мектебінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Полиция департаменті, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, балалар омбудсмендері, Психологиялық қолдау орталығының өкілдері шақырылып, сарапшыларға арналған дөңгелек үстел және оқушыларға арналған дәрістер өтті.

«Негізгі мақсатымыз - кәмелетке толмағандардың ерекшелігіне қарай арнайы тәрбие беру, құқықтық сауатын арттыра отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық құқықбұзушылықтардың алдын алу. Сондықтан іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігі, мектеп пен отбасының бірлескен жауапкершілігі және профилактикалық жұмысты күшейту жолдары кеңірек талқыланды. Дөңгелек үстелмен қатар, жасөспірім қыз балаларға арналған репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша дәріс өз алдына бөлек өткізілді. Кездесу қорытындысы бойынша қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленетін болады», - дейді дөңгелек үстелдің модераторы, Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова.

Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген «Құқық» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Гүлмаржан Шунаева жасөспірімдердің жыныстық қол сұғылмаушылығын қорғау үшін қандай қарапайым тәсілдерді назардан қалт жібермеу қажеттігін жете түсіндірді.

«Біздің ұйым бұл бағытта шамамен 10 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсатымыз - балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығын қорғау. Бүгін біз балаларға зорлық-зомбылықтың құрбаны болмау үшін нені білу қажет екенін түсіндірдік. Ең бастысы - нақты мысалдар келтіріп, балалардың қатысуымен болған шынайы «кейстер» туралы қысқаша айтып өттік.

Балаларға, ең алдымен, әлеуметтік желілерде сақ болу керектігін ескерттік. Себебі көп жағдайда қылмыскерлер дәл осы әлеуметтік желілер арқылы балалармен танысып, олардың сеніміне кіреді. 14-15 жас - балалардың өз ата-анасынан гөрі, құрдастарына көбірек сенетін кезеңі,  сондықтан бұл жастағы жеткіншектер ерекше қауіпке бейім.

Сондай-ақ кез келген күмәнді немесе қауіпті жағдай туындаған кезде, балалар, ең алдымен, ата-аналарымен байланысуы қажет екенін қатаң түрде ескерттік.

Біз балаларға ешқашан өз мәселелерімен жалғыз қалмау керектігін түсіндірдік. Міндетті түрде бұл туралы біреуге хабарлау қажет екенін айттық. Егер ата-анасына айтуға қиналса, басқа сенімді ересектерге - психологтарға немесе әлеуметтік педагогтерге жүгінуі тиіс екенін жеткіздік. Себебі кейбір жағдайларда балаларға қатысты агрессорлар бөтен адамдар емес, өзіне жақын жандар болып шығады. Өкінішке қарай, қауіп кейде олардың ең жақын туыстары тарапынан, нағашысы, өгей әкесінің тарапынан туындап жатады.

Сондықтан олар өзін мазалаған жайтты психологтарға міндетті түрде айтуы қажет. Ал әлеуметтік педагогтер мен психологтар ақпаратты тиісті органдарға жеткізіліп, одан әрі нақты жұмыс басталады», - деген спикер бүгінде ересектерге менталитетімізге қарамастан, балаларға мұндай мәселелерді ашық түсіндіретін уақыттың келгенін нықтап айтты. 

Себебі спикердің айтуынша, кейбір балалар жылдар бойы үрейін ішіне бүгіп жүріп, соның салдарынан ауыр психологиялық жағдайға түсуі мүмкін. Сондай-ақ ата-аналарға балаларының қайда, кіммен жүргенін, қандай іс-шараларға қатысып жатқанын қадағалап отырудың маңыздылығын ескертті.  

Бұдан соң ювеналды полиция бөлімінің маманы, Психологиялық қолдау орталығының педагог-психологтары, мектеп президенттері сөз сөйлеп, бүгінгі дөңгелек үстелдің мән-маңызын аша түсті. Спикерлер баяндамасынан соң, оқушылар мен қонақтар тақырып төңірегіндегі өз ойларын бөлісіп, бірігіп жұмыс істеу бағытында ұсыныстарын жеткізді.

Еске салайық, бұдан бұрын E-Bakylau: балаларға қатысты зорлық-зомбылықты ерте анықтайтын цифрлық құрал енгізілгені туралы хабарладық.